Ел аумағының 71%-ында қар жатыр
Су тасқынына дайындық жүргізілуде.
"Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан , Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр", — деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы.
Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті.
"Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті", — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
Сурет: ТЖМ